Электромобиль для инвалидной коляски

Тағдырдың салған ісіне мойымай ілгері тарттым

Менің есімім Қарабасов Нұрболат. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында 1989  туылғам. Мектепті тезірек бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, ата-анама қолғабыс болсам деп, көптеген армандар жетегінде, алаңсыз жүрген жасөспірім кезім. 

2006 жылдың 14 ақпанында кенеттен болған көлік апаты өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді. Көлік апатынан, кеуде омыртқама зақым келіп, аяқтарым жансызданып, өздігімнен жүре алмайтын жағдайға жеттім. Барлық қуанышты  күндерімнің орнын, қайғы басқандай...Осылай Жастық шақтың қызыққа толы күндері тепсе, темір үзетін, ат үстінде отырып ел қорғайтын кезімде мүгедектер арбасында отыру ауыр тигені соншалықты  үйден шығалмай төрт қабырға ішінде мәнсіз 6 жыл өткізіппін. 

2015 жылы Талдықорған қаласында "Асар" оңалту орталығының ашылғанын естіп, қайтсемде аяққа тік тұруым керек деп баруға шешім қабылдадым. Осылайша мені арманым Жетісу өңіріне алып келді, ешкімді танымайтын бөтен қалаға үйрену жалғыз өзіме қиындау болды. Дегенмен, келгеніме өкінген емеспін. 

10 жыл арбаға таңылғаннан кейін, еңбектеп үйрендім, лангет арқылы аяғыма тұра бастадым. Оңалту орталығында жүріп, қосымша жұмыста жасадым. Қаланың түрлі қоғамдық іс-шараларында белсенділік танытып жүрмін. Күнделікті қоларбамен жалғыз жүру қиын болғандықтан, тас түскен жеріне ауыр демекші, өзім сияқты жандарға қала ішінде өздігінен жүріп-тұруына, тəуелсіз сезінуіне көмектесу керек деген ойға келдім. 

Осылай арбаны тіркейтін электрқондырғыны жалға беру жобасын іске асыру үшін бірнеше əлеуметтік жобаларға қатысып, жеңімпаз атанып, өз ойымды өмірге келтірдім. Биыл «Сәби» қорының грантын жеңіп 20 электрлі жетек сатып алдым. 

Осылайша бүгінгі таңда 50-ден астам мүгедек еркін қатынасу мүмкіндігіне ие болып, жалпы электрқондырғымен 10 000 шақырым жол жүрілді. Әдетте қарапайым қол арбасының күніне 5-6 шақырым жүретінін ескерсек, сіз күніне 30 шақырымды сағатына 22шақырым жылдамдықпен  жүрудің қандай екенін білсеңіз ғой! 

Бірақ, жылдамдық – бұл ең маңыздысы емес. Электрлік жетек  бізге бұрын қолжетімсіз болған кедергілерді бағындыруға мүмкіндік берді.

Менің жоспарым: жобаны еліміздің барлық қалаларында іске асырып қоларбамен қолданушыларға  жолындағы кедергілерді жою және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету.

Обсуждение (0)